Артур Ластаев: Жастардың құқықтарын қорғау – әділетті қоғам қалыптастырудың негізгі алғышарты

Артур Ластаев: Жастардың құқықтарын қорғау – әділетті қоғам қалыптастырудың негізгі алғышарты

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Болашақ ұрпақ үшін Қазақстан жастарының БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі» тақырыбындағы youth-led дөңгелек үстеліне қатысты.

Іс-шара Уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясы мен БҰҰ Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен өтті. Бұл жиын БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына және «Жастарға қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасының» 30 жылдығына арналды.

Өз сөзінде Артур Ластаев жас буынның жаңашыл ойлары мен дүниені өзгеше қабылдау қабілеті Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Қазақстанның жастары зор әлеуетке ие. Сіздер тәуелсіздік дәуірінде білім мен өркендеуге ұмтылып өстіңіздер. Біздің жас ғалымдар, дәрігерлер, IT-мамандар, спортшылар, өнер өкілдері, құқық қорғаушылар және басқа да көптеген жастар қоғамның дамуына күнделікті еңбектері арқылы үлкен үлес қосып келеді», – деді Омбудсмен. Сондай-ақ ол: «Жастардың құқықтарын қорғау – әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі», – деп қосты.

Дөңгелек үстелде жастардың құқықтары мен мүдделеріне тікелей қатысты маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, әлеуметтік желілердегі зиянды контенттің ықпалы, нашақорлықтың алдын алу, репродуктивті денсаулықты қорғау, сондай-ақ экология мен су дипломатиясына байланысты тақырыптар талқыланды.