Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Павлодар қаласындағы орташа қауіпсіздік деңгейіндегі №46 мекемеге сотталғандардың құқықтарының сақталуы мен олардың ұсталуының жағдайын мониторингілеу мақсатында барды.
Сапар барысында Омбудсмен 700-ден астам сотталғанның тамақтануын ұйымдастыру, еңбекпен қамтылуы және медициналық қызметпен қамтамасыз етілуімен танысты.
Артур Ластаев сотталғандардың жалпы тұрмыс жағдайымен, шағым беру үшін орнатылған терминалдардың жұмысымен, Big bag қаптарын, киім-кешек, мектеп сөмкелерін тігу, ағаш өңдеу, металл құрылымдарын жасау, сабын қайнату және наубайхана өндірістерімен танысты.
Сондай-ақ мекеме аумағында Павлодар кәсіби даярлау колледжі негізінде «Автомобиль көлігін жөндеу, техникалық қызмет көрсету және пайдалану», «Токарь ісі» мамандықтары бойынша оқыту жүргізілуде. Биылғы жылы колледж 66 диплом табыстаған.
Сапар аясында Артур Ластаев сотталғандарды жеке қабылдап, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаны жеңіл түрлеріне ауыстыру мәселелері бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға енгізілген түзетулерді түсіндірді.
Сапар қорытындысы бойынша Омбудсмен сотталғандардың ұсталуының жағдайын халықаралық жазаны өтеу ережелеріне сәйкестендіруге және мекеменің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар берді.