2025 жылғы 28 шілдеде Шалқар ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі А.Ж. Байдуллина облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі М.М. Сағындықовамен бірге Балаларды оңалту орталығының қызметімен танысты.
Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған және қолжетімді әрі сапалы оңалту қызметтерін ұсынуды көздейді. Мұнда емдік дене шынықтыру, сенсорлық терапия, психолог және логопед қызметтерімен қатар, әр баланың жеке қажеттіліктеріне сай бейімделген әлеуметтік, білім беру және медициналық қызметтер көрсетіледі.
Өкіл орталық басшылығымен, мамандармен және оңалтудан өтіп жатқан балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесу барысында балалардың құқықтарын сақтау, қызметтердің қолжетімділігі мен мекемедегі жағдайлар мәселелері назарға алынды.
Өкіл орталық жұмысына оң баға беріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау - Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сапар қорытындысы бойынша Комиссиямен бірлескен ұсынымдар әзірленетін болады.