
Адам бостандығынан айырылған кезде, қоғам көбінесе оның құқықтары мен қадір-қасиеті туралы ұмытып кетеді. Бірақ халықаралық құқық басқа ұстанымды негіз етеді: түрмеде не қамауда отырған адамның да құқықтары мен ар-намысы бар, оларды ешкім тартып ала алмайды. Осы идеяны жүзеге асыру мақсатында БҰҰ 2015 жылы Нельсон Мандела ережелерін қабылдады.
27 жыл қамауда болған Оңтүстік Африканың бұрынғы президенті, адам құқықтарының белгілі қорғаушысы Нельсон Манделаның есімімен аталған бұл ережелер темір тордың ар жағындағы адамдарға адамгершілікпен қараудың халықаралық стандартына айналды.
Ережелердің мәні неде?
Ең алдымен, әрбір тұтқынның адамдық қадір-қасиетіне құрметпен қарауды қамтамасыз ету. Азаптау мен қорлау емес, құқықтарды қорғау, денсаулықты сақтау, даму мүмкіндігі мен сыртқы әлеммен байланысты қамтамасыз ету. Бостандықтан айыру – бұл жазаның өзі. Оның үстінен қосымша зардаптар болмауы керек.
Нельсон Мандела ережелері медициналық көмекке қолжетімділік, адвокатпен және туыстарымен байланыс құқығы, санитарлық талаптарға сай жағдайлар, білім беру және еңбек бағдарламалары, сондай-ақ қызметкерлердің арнайы дайындалуын қамтамасыз ету сынды қағидаттарды белгілейді.
Бұл Қазақстан үшін неліктен маңызды? Еліміз адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық құжаттарға қосылып, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазақстанда тұтқындарды ұстаудың ұлттық стандарттары Мандела ережелерінің талаптарын ескереді. Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты, Ұлттық алдын алу тетігі, қоғамдық бақылау комиссиялары жұмыс істейді, балама жазалау шаралары енгізілуде.
Нельсон Мандела ережелері – бұл қарапайым халықаралық құжат қана емес. Бұл ережелер адамның қандай жағдайда болмасын оның қадір-қасиеті мен құқықтары сақталуы тиіс екенін еске салады. Қазақстан да осы бағытта ілгерілеп келеді. Түрме қабырғалары адамның адам ретіндегі құқығын жоққа шығара алмайтынын еліміздің тәжірибесі дәлелдеп отыр.