Сенат депутаты А.Ш. Нұғмановтың полиция басшылығымен кездесуі: адам құқықтарының сақталуы мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері

Сенат депутаты А.Ш. Нұғмановтың полиция басшылығымен кездесуі: адам құқықтарының сақталуы мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері

Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Байдуллина Аққалқа Жанғабылқызы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Шайхоллаұлы Нұғмановтың Ақтөбе облысының Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесуіне қатысты.

Кездесу барысында келесі маңызды мәселелер қаралды:

1) Тергеуге дейінгі тексеру институтын қайта қалпына келтірудің қажеттілігі туралы баяндама тыңдалып, оның артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдері талқыланды;

2) Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыспен және құқық бұзушылықтармен күрес бойынша Полиция департаментінің басшылығы ұсынған есептер тыңдалды;

3) Полицияның техникалық және ақпараттық жабдықталуын жақсарту, цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытындағы жоспарлар талқыланды;

4) Полиция қызметінің сапасын арттыру мақсатында жедел шешуді талап ететін өзекті мәселелер көтерілді.

Кездесуге сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғамдық жұмыстар жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының мүшелері қатысты.

Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өкілі іс-шарада сөз сөйлеп, полиция органдары қызметінде адам құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті.

Тергеуге дейінгі тексеру институтын қайта енгізу мәселесін қарауда кешенді тәсілдің қажеттілігіне назар аударды. Өкілдің сөзінде сотқа дейінгі процестер кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау, полиция жұмысының ашықтығы мен қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.