Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында ол Қазақстандағы Омбудсмен институтының қалыптасу тарихы мен қызмет бағыттары туралы айтып берді.
Уәкіл конституциялық реформа шеңберінде орын алған өзгерістерге жеке тоқталды. Соның нәтижесінде «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл заң Омбудсмен институтының мүмкіндіктерін түбегейлі күшейтіп, оның мәртебесі мен тәуелсіздігіне қатысты кепілдіктер Конституция деңгейінде бекітілді.
Уәкілдің жаңа өкілеттіктері пайда болды, уәкілдің өкілдері елдің барлық өңірлерінде жұмыс істей бастады, бұл институттың әлеуетін айтарлықтай арттырды.
«Біздің офис тек мемлекеттік орган болуды мақсат етпейді, сенім институты болуға ұмтылады. Біз қоғам мен билік арасындағы диалогты қалыптастырамыз. «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясы түрінде алаң құрып, ұрпақтар арасындағы көпір орнаттық. Мұның бәрі Мемлекет басшысы белгілеген нақты бағыт – Әділетті Қазақстанды құру жолында жүзеге асыру үшін жасалды», – деп атап өтті Артур Ластаев.
Кездесу барысында комиссия мүшелері Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өз сұрақтарын қойды.
Аймақтардың қосылуымен гибридті форматта өткен іс-шараға шамамен бес жүз адам қатысты.