Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі Еуропа Кеңесімен бірлесіп, Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау институтының әлеуетін нығайтуға бағытталған жоба аясында бірқатар іс-шараларды өткізуде.
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында бірлескен дәріс өтіп, оған тыңдаушылармен қатар еліміздің барлық өңірінен онлайн форматта қосылған мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Өз баяндамасында Артур Ластаев Уәкіл институтының негізгі міндеттері, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері және қол жеткізілген нәтижелер туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, ол елдегі адам құқықтарын қорғауды іске асыру сапасын қамтамасыз ету ісіндегі мемлекеттік қызметшілердің рөліне ерекше назар аударды.
«Бүгін осында мемлекеттік қызметшілер, болашақ және қазіргі басшылар жиналып отыр. Әрқайсыңыздың қызметіңіз тікелей немесе жанама түрде адам құқықтарына қатысты. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі барлық негізгі құжаттарды ратификациялаған. Сондықтан әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберінде мемлекет қабылдаған міндеттемелерді орындау үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет», – деді спикер.
Сондай-ақ, ол Уәкіл кеңсесі қоғам мен билік арасындағы сенім институты әрі диалог құралы болуға ұмтылатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің даму бағытын нақты айқындады – бұл Әділетті Қазақстан құру. Ал әділеттілік – әрбір адамның құқығын тиімді қорғаусыз мүмкін емес. Біздің институт осы жолда сіздердің одақтастарыңыз. Біз ынтымақтастыққа, бірлескен жобаларға және сындарлы диалогқа әрдайым ашықпыз», – деп түйіндеді Ластаев.
Еуропа Кеңесі Бас директораттың Адам құқықтары мен әділет саласындағы стандарттарды іске асыру департаментінің басшысы Лили Гретарсдоттир өз сөзінде Еуропа Кеңесінің Омбудсмен институттарымен ЕО-ға мүше елдердегі көпжылдық ынтымақтастық тәжірибесі мен негізгі қағидаттары туралы айтты.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов осындай іс-шаралардың Омбудсмен институтымен ынтымақтастық аясында өткізіліп жатқанын мәлімдеді.
Ол мемлекеттік қызметшілер арасында құқық қорғау мәдениетін нығайту және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған басқарушы кадрларды даярлау бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бірлескен дәрістің негізгі мақсаты – құқық қорғау мәдениетін нығайту, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігін арттыру, ұлттық және халықаралық институттар арасындағы тұрақты байланысты дамыту.