Көптеген оқушылар үшін жазғы демалыс - тек тынығу кезеңі ғана емес, сондай-ақ алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, өз бетінше табыс табуға мүмкіндік.
Алайда бала еңбегінің заңмен реттелетінін ескеру аса маңызды.
Осыған орай, 2025 жылғы 4 маусымда ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина «Ақтөбе» телеарнасына берген сұқбатында балалардың еңбек етуіне байланысты заңды нормаларды және негізгі шектеулерді кеңінен түсіндірді.
Сұқбат барысында өкіл кәмелетке толмаған тұлғалардың еңбекке араласуы ҚР Еңбек кодексінің 31, 26 және 69-баптарына, сондай-ақ ҚР «Бала құқықтары туралы» Заңының 16-бабына сәйкес реттелетінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл құқықтардың негізінде БҰҰ Балалар құқықтары туралы конвенциясының 32-бабы жатқанын тілге тиек етті.
Өкілдің айтуынша, жұмысқа орналасқысы келетін жасөспірімдер үшін басты талап — денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесіне кедергі жасамайтын және заңмен рұқсат етілген еңбек түрлеріне ғана қатысу. Жасөспіріммен еңбек шарты міндетті түрде жазбаша жасалуы тиіс.
Заңсыз жұмысқа тарту деректері анықталған жағдайда, ата-аналар мен жұмыс берушілер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86, 89-баптарына сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін.
Сонымен бірге ҚР Қылмыстық кодексінің талаптары да түсіндірілді, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзушылықтар бойынша 152, 153 баптарында көзделген жауапкершілік туралы айтылды.
Бұл сұқбат өңір тұрғындарына бала еңбегінің заңды жақтарын дұрыс түсінуге мүмкіндік беріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.