Құқықтық ағарту: Білім алу – адамның негізгі құқықтарының бірі

Құқықтық ағарту: Білім алу – адамның негізгі құқықтарының бірі

Білім алу – әр адамның ажырамас әрі негізгі құқықтарының бірі.

Ол адамның жеке дамуына, қоғамға толыққанды араласуына, кәсіби жетілуіне және әлеуметтік теңдікке қол жеткізуіне ықпал етеді.

Білім алу құқығы тек мүмкіндікті емес, мемлекет тарапынан кепілдік пен міндеттілікті де білдіреді.

 Халықаралық құқық нормаларына сай, мәселен «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының» 26-бабының негізінде, әр адам білім алуға құқылы, бастауыш білім – тегін және міндетті болуы тиіс, жоғары білім – қабілетіне қарай бәріне бірдей қолжетімді болуы керек. «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакттің» 13-бабында мемлекеттер білім беру жүйесін барлық адам үшін қолжетімді, сапалы және біртіндеп тегін етуге міндетті делінген. Ал, «Бала құқықтары туралы» БҰҰ конвенциясының 28-бабы: «Қатысушы мемлекеттер әрбір баланың білім алу құқығын мойындайды және оны қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды»-дейді.

Қазақстан Республикасы өзінің ұлттық заңнамасы да осындай нормаларды белгілейді. Осылайша Ата заңымыз - Қазақстан Республикасының Конституциясының 30-бабында: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу – міндетті,» деп белгіленген. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында: 8-бап – білім алуға конституциялық құқықты бекітеді; 5-бап – білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттары: қолжетімділік, сапалылық, үздіксіздік деп белгілейді; 28-бап – орта білім алудың міндеттілігі мен білім беру деңгейлерін реттейді. «Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15-бабы – баланың білім алу құқығын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын анықтайды.

Осы ретте, Мемлекеттің білім беру саласында өзінің бірегей міндеттерінің бар екендігін атап өтуіміз қажет. Осылай, Қазақстан Республикасы білім беру саласында: мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекітеді; мектептер мен Жоғары оқу орындарын қаржыландырады; ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беру жағдайын жасайды; шалғай ауылдардағы білім беру сапасын жақсартуға күш салады.

Осылайша, білім алу - азаматтың болашағы ғана емес, елдің дамуының негізі.

 Әрбір бала мен ересек адам білім алуға құқылы және бұл құқықты шектеу заңмен тыйым салынған.

Мемлекет пен қоғам бұл құқықтың іске асуына кепіл болуға тиіс.