Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өкілі Ақтөбе облысындағы тергеу изоляторына (ҚАЖК №70 мекемесіне) мониторингтік сапар жасады

Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өкілі Ақтөбе облысындағы тергеу изоляторына (ҚАЖК №70 мекемесіне) мониторингтік сапар жасады

2025 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина азаматтардың құқықтарының орындалуын бақылау мақсатында Ақтөбе қаласында орналасқан Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №70 тергеу изоляторына жоспарлы мониторингтік сапармен барды.

Сапар барысында қамауға алынған азаматтардың ұсталуының заңдылығы, мекемеде олардың құқықтарының қамтамасыз етілуі, сондай-ақ адамгершілікке сай қарым-қатынас стандарттарының орындалуы зерттелді. Өкіл мекеменің ішкі жағдайымен танысып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталушылардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына ерекше назар аударды.

Мониторинг кезінде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, медициналық қызмет көрсету сапасы, азық-түлікпен қамтамасыз ету, қорғану және шағым беру механизмдерінің қолжетімділігі, адвокатпен кездесу, туыстарымен байланыс орнату мүмкіндігі сияқты маңызды аспектілер талданды.

Қамаудағы тұлғалардың өз құқықтарын білу деңгейі мен оларға құқықтық ақпараттың жеткізілуі де бағаланды. Тексеру қорытындысында анықталған бірқатар жүйелік және ұйымдастырушылық кемшіліктер бойынша мекеме басшылығына нақты ұсынымдар беріліп, олардың орындалуы бақылауда болатыны жеткізілді.

Аталған жұмыс өңірдегі басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарында жалғасын табатын болады. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен адам құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық және халықаралық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.