
Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Абай облысы бойынша өкілі Д. Жұмагелдин Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атынан Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №23 мекемесінің кітапхана қорына кітаптар табыс етті. Бұл іс-шара сотталғандардың рухани және зияткерлік тұрғыдан дамуына, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ пенитенциарлық жүйедегі ағартушылық қызметті қолдауға бағытталған.
Табыс етілген кітаптардың қатарында құқықтық әдебиеттер, отандық және әлемдік классиканың туындылары, заманауи проза, сонымен қатар тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған ғылыми-көпшілік басылымдар бар. Кітаптарды іріктеу барысында мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтардың сұраныстары мен қызығушылықтары ерекше ескерілді, бұл олардың нәтижелі әлеуметтенуіне, оң дүниетанымын қалыптастыруға және пайдалы білім алуына септігін тигізеді.
Іс-шараға қатысушылар Омбудсменге көрсетілген қолдау мен кітапхана қорын сапалы әдебиеттермен толықтыруға қосқан үлесі үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Кездесу соңында Уәкіл өкілі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тек құқықтық көмекпен шектелмейтінін, сонымен қатар түзеу мекемелерінде тұлғалық даму мен білім алуға лайықты жағдай жасауды да қамтитынын атап өтті.