
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Абай облысы бойынша өкілі Д. Жұмагелдин Абай облысы білім басқармасының №5 арнайы мектеп-интернатқа барды.
Баруды жүзеге асыру барысында тәрбиеленушілердің жатын және оқу орындарының санитарлық жағдайы, тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілуі, білім алу және тұру шарттары тексерілді. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына, білім беру процесінің ұйымдастырылуына, күн тәртібіне және медициналық көмектің көрсетілуіне ерекше назар аударылды.
Уәкілдің өкілі мекеме әкімшілігімен және педагогтармен кездесіп, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметі, оның негізгі қағидаттары мен құндылықтары, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыттары туралы пікір алмасты.
Әңгіме барысында азаматтар мен мемлекеттің өзара жауапкершілігі, заңға бағынушылық, парасаттылық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары «Адал азамат» идеалдары аясында талқыланды. Сондай-ақ, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі мәселелеріне ерекше тоқталды.
Бұдан бөлек, әйелдер құқығын қорғау, бейбітшілікті, қоғамдық тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, сондай-ақ қақтығыстардың алдын алу мен реттеу процестеріндегі олардың рөлі туралы мәселелер қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша интернат тәрбиеленушілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.