
Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Абай облысы бойынша өкілі Д. Жұмагелдин Семей қаласы полиция басқармасы кезекші бөлімінің жанындағы арнайы үй-жайларға барды.
Баруды жүзеге асыру барысында арнайы үй-жайларға жеткізілген азаматтарды ұстау жағдайлары, үй-жайлардың санитарлық жағдайы, қажетті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы қаралды. Ерекше назар азаматтарды жеткізу және оларды кезекші бөлім жанындағы арнайы үй-жайларда уақытша ұстау кезінде белгіленген талаптардың сақталуына аударылды.
Уәкілдің өкілі бөлімшенің жұмысын ұйымдастырумен танысып, полиция қызметкерлерімен әңгіме өткізді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметі, оның негізгі қағидаттары мен құндылықтары, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары талқыланды.
Сонымен қатар азаматтар мен мемлекеттің өзара жауапкершілігі, заңға бағынушылық, адалдық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары «Адал азамат» идеалдары тұрғысынан қарастырылды. Әртүрлі өмірлік жағдайларда азаматтардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі мәселелері де қозғалды.
Бұдан бөлек, әйелдердің құқықтарын қорғау, олардың бейбітшілікті, қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен қатысуы, сондай-ақ жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу үдерістеріне қатысуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.