Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Абай облысы бойынша өкілі Д.Жұмагелдин өңірлік Сараптамалық кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді.
Сараптамалық кеңестің жұмысына Абай облысының полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Б.Омаров, Абай облысының Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ф.Артықбаева, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Уәкілдің өкілі қатысып отырған лауазымды адамдарға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған тергеу-қамауға алынған адамдарды ұстаудың проблемалық мәселелері бойынша өңірлік сараптамалық кеңес жүргізген зерттеу нәтижелерін таныстырды.
Мәселен, Абай облысының аумағында тергеу изоляторының болмауына байланысты тергеу-қамауға алынған адамдар ұзақ уақыт Семей қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында (УҰИ) ұсталады, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тергеу изоляторына жүйелі түрде айдауылданады және кері қайтарылады.
Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тергеу әрекеттері мен сот процестерінің ұзақтығын ескере отырып, күдіктілер мен айыпталушы адамдар УҰИ жағдайында бірнеше ай бойы ұсталады.
Абай облысының Құрылыс басқармасы жобалау ұйымымен «Семей қаласында 400 орындық тергеу изоляторының құрылысы» жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге меморандум жасасты, Семей қаласында жер учаскесі бөлінді, алайда 2025 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сараптаманың теріс қорытындысы алынды.
Отырыс нәтижелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынымдар дайындалады.