Уәкіл өкілінің бастамасы бойынша азамат Семей қаласының қабылдау-бөлу орнынан босатылды

Уәкіл өкілінің бастамасы бойынша азамат Семей қаласының қабылдау-бөлу орнынан босатылды

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Абай облысы бойынша өкілі Д.Жұмагелдин Семей қаласының Полиция басқармасының белгілі тұрақты мекен жайы, құжаттары жоқ адамдарға арналған қабылдау-бөлу орнына барып, онда барлық тұрғын және тұрмыстық үй-жайларды аралап, ұстау, тамақтану, медициналық қамтамасыз ету жағдайларын тексерді.

Ұсталған адамдарды жеке қабылдау барысында уәкілдің өкілі Х. азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттардың болу фактісін анықтады.

«Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы № 353-I Заңының 46-3-бабы 2-бөлігі 1-тармағының талаптарына сәйкес тұрақты мекен жайы және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адам, оның жеке басы анықталған жағдайларда, қабылдау-бөлу орнынан мерзімінен бұрын босатылады.

Уәкілдің өкілі қабылдау-бөлу орнының бастығына дереу берген ұсынымының нәтижесінде азамат Х. белгіленген ұстау мерзімі аяқталғанға дейін босатылды.

Құқықтық ағарту шеңберінде Д.Жұмагелдин қабылдау-бөлу орнының қызметкерлерінің назарына азаматтардың құқықтарының сақталуы, азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу туралы ақпаратты жеткізді.

Бару нәтижелері бойынша Абай облыстық полиция департаментінің басшылығына тиісті ұсынымдар енгізілді.