
Қазақстан Республикасының жарияланған жаңа Конституция жобасы дене шынықтыру мен спорт саласын ұзақ мерзімді дамытуға, сондай-ақ ғылымға, технологияларға және адами капиталға негізделген спортшыларды даярлаудың заманауи моделін қалыптастыруға берік құқықтық негіз қалайды.
Сала үшін Ата заңда білім беруді, ғылымды және адами капиталды дамытудың басымдық ретінде бекітілуі айрықша маңызға ие. Бұл спортшыларды даярлауға ғылыми-әдістемелік тәсілдерді енгізуге, спорт медицинасын, талдауды, цифрлы шешімдерді және спорт саласындағы заманауи білім беру бағдарламаларын дамытуға жағдай жасайды.
«Ғылым мен білімнің рөлін конституциялық деңгейде бекіту бүкіл әлеуметтік саланың, соның ішінде спорттың да ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Біз үшін бұл нәтижеге білім, технологиялар және адами әлеуеттің тұрақты дамуы арқылы қол жеткізілетін, жүйелі әрі дәл есептелген спортшыларды даярлау моделіне көшу дегенді білдіреді», – деп атап өтті ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Құқық үстемдігі мен рәсімдердің ашықтығы – әділ спорттық ортаның негізі. Құқықтық тәртіптің конституциялық кепілдіктері саланы басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға, жосықсыз тәжірибелердің алдын алуға және мемлекеттік ресурстардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Конституция жобасында цифрландыру мемлекетті дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалып, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормалары бекітіледі. Бұл ережелер спорт саласында цифрлы қызметтер мен платформаларды дамытуға құқықтық алғышарттар жасайды.
Конституциялық реформаларды іске асыру құқықтық кеңістіктің болжамдылығын қамтамасыз етіп, спорт инфрақұрылымын жүйелі дамытуға, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге және дене шынықтыру мен спорт саласындағы ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға негіз болады.