Орта білім беру саласындағы мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асырудың мемлекеттік аудитінің қорытындылары

Орта білім беру саласындағы мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асырудың мемлекеттік аудитінің қорытындылары

2026 жылғы 2 шілдеде Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті, онда мемлекеттік білім беру тапсырысын, оның ішінде орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тетігін іске асырудың тиімділігі мен нәтижелілігіне мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды.

Отырысқа Астана қаласы мәслихатының төрағасы, депутаттар, білім басқармасының өкілдері, аудит объектілерінің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бейнеконференция байланыс режимінде (ZOOM) өтіп, отырысқа елорданың мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшылары мен бас бухгалтерлері қосылды.

Отырыс барысында қаланың орта білім беру жүйесі қарқынды дамуы атап өтілді. Соңғы жылдары мемлекеттік мектептер желісі кеңейтілді, оқушы орындарының саны ұлғайтылды, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тетігіне ауыстыру аяқталды, мектептерді интернетпен және заманауи пәндік кабинеттермен жарақтандыру қамтамасыз етілуі атап өтілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудит нәтижелері бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне әсер ететін жүйелік кемшіліктердің бар екендігін растады. Қаржыландырудың қолданыстағы тетігі бөлінетін қаражат көлемі, білім алушылардың нақты контингенті, білім беру ұйымдарының есептік қажеттілігі және нақты көрсетілген қызметтер арасындағы өзара байланысты толық көлемде қамтамасыз етпейтіні анықталды.

040 «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша жекелеген мектептердің есептік қажеттілігінің 7,2 млрд теңге сомасына артуы анықталды, бұл жан басына шаққандағы қаржыландыру қаражатын бөлудің теңгерімсіздігін көрсетеді.

Осыған ұқсас кемшіліктер 067 «Ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасын іске асыру кезінде белгіленді. Жекелеген білім беру ұйымдары бойынша есептік қажеттіліктің 3,4 млрд теңгеге артуына жол берілген, ал басқа мектептердің қажеттілігі 4,2 млрд теңгеге қамтамасыз етілмеді. Бұл білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базаны жаңартуға және нығайтуға қаражатқа қажеттілігін айқындауға бірыңғай тәсілдердің жоқтығын куәландырады.

Аудит сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асырудағы кемшіліктерді анықтады. Шарттарға қосымша келісімдер жан басына шаққандағы нормативке және білім алушылардың нақты контингентіне байланыстырмай жасалды, техникалық ерекшеліктер қайталанатын талаптарды қамтыды, ал көрсетілген қызметтер актілері көрсетілген қызметтердің нақты көлемі мен сандық көрсеткіштерін растамады.

Оқушылардың тегін ыстық тамағын ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер анықталды. Аудит барысында көрсетілген қызметтердің нақты көлемімен расталмаған бюджет қаражатын 3,4 млрд теңге сомасына қайтару қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, аудит жүргізу күніне 676,5 млн теңге сомасына расталмаған шығыстар анықталды.

Аудиттің жекелеген объектілері бойынша нақты бұзушылықтар анықталды. Мәселен, №74 мектепте нақты көрсетілмеген қызметтер үшін 53,4 млн теңге сомасына еңбекақы төлеу және қызметкерлерге қосымша ақы төлеу бойынша көрсетілген қызметтердің актілерін негізсіз ұсыну белгіленді. №90 гимназияда бас бухгалтерге 6,4 млн теңге сомасына ақшалай қаражатты негізсіз есептеу және аудару фактілері анықталды.

Бұдан басқа, штат санын қалыптастыру, еңбекақы төлеу қорын жоспарлау, мемлекеттік мүлікті пайдалану, бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде бұзушылықтар, сондай-ақ сатып алынған жабдықты пайдаланбау, толық тозған негізгі құралдарды уақтылы есептен шығару және мемлекеттік мүліктің сақталуын жеткіліксіз қамтамасыз ету фактілері анықталды.

Жалпы аудитпен 11,6 млрд теңге сомасына бюджет қаражатын тиімсіз Жоспарлау, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану — 1,94 млрд теңге, сондай-ақ экономикалық шығындар анықталды.

Білім беру жүйесін дамытудың қол жеткізілген нәтижелеріне қарамастан, аудит бюджет қаражатын жоспарлау, бөлу және пайдалануды бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетті. Қаржыландыру көлемі, білім алушылардың нақты саны, нақты көрсетілген қызметтер мен қол жеткізілген нәтижелер арасындағы ашық өзара байланысты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуы тиіс.

Аудитпен барлығы 24,4 млрд теңге сомаға бюджет қаражаты мен мемлекет активтері қамтылды. Аудит нәтижелері бойынша 2,24 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қалпына келтіруге тиіс - 1,5 млрд теңге (аудит барысында толығымен  қалпына  келтірілді), өтеуге тиіс - 725,1 млн теңге (аудит барысында  529,3 мың  теңге өтелді). Сонымен қатар, 241 процедуралық бұзушылық және 22 жүйелік кемшілік анықталды.

Мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы тиісті шешімдер қабылдады, аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен жүйелік кемшіліктерді жою, сондай-ақ ішкі бақылауды күшейту және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар мен ұсынымдар берді.