Абай (Ибраһим) Құнанбаев Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.
Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Ұлы ақын, композитор, саясаткер, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы.
Ертең Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл. Бұл тарихи күн. Себебі Үкіметтің арнайы қаулысымен 2020 жылы 10-тамыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты.
«Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген.
Қазақ ағартушысының 45 қара сөзін – қазақ халқының мінезінің айнасы, ұлтымыздың ары мен ұяты, намысы мен мақсаты, бағдаршамы және темірқазығы деп айтуға болады. Халқын жан-тәнімен сүйген Абай қазақтың бойындағы еңбекке қырсыздық, мақтансүйгіштік, масылдық секілді кеселдерді сынай отырып, мұның бәрінен арылудың жолы – адал еңбек ету дегенді өткір ойларымен жеткізді.
Заманынан оза туып, өзі айтқандай «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Абайдың әр сөзі, қалдырған мол мұрасы ұрпағын темірқазықтай адастырмайтын тәрбие құралы, өмір оқулығы.
Абай – қазақтың айнасы. Оның айтқандарын терең ұғына білсең, ойыңды түзеп, жаныңды тазартасың, бойыңды түзеп, алға ұмтыласың. Бүгінгі қоғамда әрқайсымыз ұлы ойшыл айтқандай, «есті кісілердің қатарында болып, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіміз атқарған ісімізге есеп беруіміз қажет». Ақын өсиетіне адалдық, Абайды тану әрқайсымыздың өзімізден басталады.
Құрметті әріптестер, Абай күні, Абай мерекесі құтты болсын!