
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің № 8 оқу ғимаратында белгілі қазақстандық ғалым, елімізде психология мен педагогиканың негізін қалаушылардың бірі Сәлкен Балаубаевқа мемориалдық тақта орнатылды.

Сәлкен Балаубаев – қазақ тіліндегі "Психология" оқулығының авторы, Сәкен Сейфуллиннің серіктесі, ақын, педагог. 1937 жылы оған жалған айып тағылып, қамауға алынып, 50-ші жылдарға дейін түрмеде отырған. 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарағанды педагогикалық институтында доцент және педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Сәлкен Балаубаевтың әдеби еңбектері өте маңызды: ол неміс, орыс, араб, ағылшын тілдерінен қазақ тіліне аудармалар жасаған.

Өкінішке орай, оның көптеген жұмыстары жоғалды. Сәлкен Балаубаев туралы монографияның авторы, психология ғылымдарының докторы, профессор Бибісара Әмірова Өзбекстанда, Қазақстанда, сондай-ақ түрлі мұражайларда ғалымның шығармаларын жинаған.

"Сәлкен Балаубаев қазақ халқының патриоты және қазақстандық ғылым мен мәдениетті алға жылжытып, оны әлемге жақындатқан адамдардың бірі болды. Ол Қазақстанда ағарту үшін көп жұмыс жасады және оның жұмысындағы басты мақсаты – Қазақстан халқының ілгерілеуі, әл-ауқаты мен өркендеуі", – делінген Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Фото Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ баспасөз қызметінікі