Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды.Биыл сол рәміздерімізге 31 жыл толды.
Мемлекеттік рәміздер-бұл мемлекеттің ресми рәміздері болып табылатын арнайы белгілер. Олар оның тарихын, мәдениетін, дәстүрлерін және ұлттық ерекшелігін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер әдетте елтаңбадан, тудан, Әнұраннан және мөрден тұрады.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.Мемлекеттік рәміздердің әр мемлекет үшін маңызы зор. Олар ұлттық бірегейлікті сақтауға және халық арасында бірлік сезімін қалыптастыруға көмектеседі. Олар сондай-ақ басқа елдер мен Халықаралық ұйымдарға ұлттық құндылықтар мен мұраттарды көрсете отырып, сыртқы саясаттың маңызды құралы ретінде қызмет етеді.
Әрбір мемлекеттік рәміздің өзінің мәдениеті мен тарихын бейнелейтін өзіндік мәні мен мағынасы бар. Олар ұлттық бірегейліктің маңызды элементтері болып табылады және мемлекет пен оның халқы арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті. Қазақ елінің тарихына жүгінсек ата-бабаларымыз туын марқая, мақтана тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да туды төмен түсірмеген. Міне осындай мемлекеттік нышанға деген құрметті үлгі ете отырып, жастарға насихаттау, отансүйгіштік сезімін жоғарылату баршамыздың Отан алдындағы борышымыз.
Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Абай облысы бойынша Департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі А.Ахметова