Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» Вьетнам тілінде жарық көрді

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері»  Вьетнам тілінде жарық көрді

14 мамырда Ханойда Қазақстан Елшілігі мен «Вьетнам әйелдері» баспасы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының Вьетнам тіліндегі таныстырылымын өткізді. Осы іс-шараға кітап аудармашылары, әдебиет сыншылары, тарихшылар, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Жаңа басылымды таныстыра отырып, баспа директоры Тхук Тхи Хоа Фуонг: «Трилогия тарихи материалдарға бай және бүкіл әлемге Қазақстан тарихын білуге ғана емес, сондай-ақ осы елдің халқының батырлық өткеніне және бірегей мәдениетіне таңдануға көмектесетін әдеби бейнелерге толы. «Көшпенділерді» оқи отырып, адамдар оның қанды соғыстар мен қайғылы беттерге толы аласапыран тарихын түсіне алады, халықтың қатал таңдауына негізделген процестерді, мемлекеттің дамуы мен құрылуына өзіндік жолын түсіне алады» - деп ата өтті.

Кітап аудармашылары оқырмандар алдында өз пікірлерімен бөлісті. Тарихшы Нгуен Ван Чиен романның 15-19 ғасырлардағы ұзақ кезеңді қамтитын тарихи эпос екенін атап өтті. «Кітап бізге, аудармашыларға, кейінірек оқырмандарға билік үшін күрес сияқты үлкен тарихи қашықтықтар мен құбылыстарды көрсетеді, бірақ бәрінен бұрын кітап бостандық үшін, қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі құқығы үшін күресті көрсетеді».

Вьетнамның орыс тілді аудармашылар гильдиясының басшысы Ле Дык Ман: «Елу жыл ішінде мен мұндай қиын жұмысты ешқашан кездестірген емеспін. Романдағы барлық тарихи оқиғалар, сондай-ақ географиялық атаулар мен этнологиялық терминдер мен үшін жаңа. Мен Вьетнамға қазақ халқының мәдениетін әкелген алғашқы аудармашылардың бірі болғанымды мақтан тұтамын» - деп айтты.

Аудармашы Чан Бить Тхи Қазақстан мен Вьетнам арасында тарихи ұқсастықтар бар екенін анықтады: «Әйел ретінде мен қазақ әйелдерінің сезімдері мен ұмтылыстарын түсіне алдым. Осы тәжірибелерді толық сезіну үшін кітапты оқуды ұсынамын. Қазақ қыздары әдемі және нәзік, бірақ дәл осы нәзіктік хандар мен батырларға ауыртпалықты жеңілдететін желдің жаңа ағыны сияқты күш береді».

Қазақстан Елшісі Ерлан Байжанов аудармашылар ұжымына шығармашылық еңбекқорлығы үшін, ал баспаға – кітаптың тамаша орындалуы үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде: «Бұл романда бес ғасырдағы қазақ халқының тарихы шоғырланған және көркем түрде баяндалған. Википедияда көрсетілгендей, Есенберлинге дейін қазақ әдебиетінде ұлттық тарих бойынша монументалды көркем кітаптар болған жоқ. «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 50-ден астам тілінде жарық көрді. Енді ол Вьетнам тілінде де жарық көрді. Бұл вьетнамдық кітапқұмарларын, тарихшыларды, журналистерді қуантады деп үміттенемін. Бұл Қазақстан мен Вьетнамның рухы жағынан жақын халықтардың, дәстүрлі достық мемлекеттердің мәдени ынтымақтастығындағы елеулі оқиға екеніне сенімдімін» - деп атап өтті.

Іс-шара Ханойдың кітап көшесінде, кітапқұмарлардың сүйікті орнында өтті және таныстырылымға барлық ниет білдірушілер қатыса алды.