ЕРДІҢ ІСІ - ЕРЛІК

ЕРДІҢ ІСІ - ЕРЛІК

«Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас», деп Мағжан ақын жырлағандай, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бейбіт күнде ерлігімен елдің жүрегіне есімін жазған “Халық қаһарманы” Ғазиз Байтасовтың ерлігіне құрмет көрсетілді.
Өткен сенбі күні аудан орталығындағы “Батырлар аллеясына” жиналғандар алдында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков сөз сөйледі. Ол осыдан он  бір жыл бұрын 12 қараша күні Таразда қызметтік борышын орындау кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов көзсіз ерлік жасағандығына тоқталды. Ерлікке құрмет көрсету - елдіктің белгісі екендігін,  өсіп келе жатқан жастар оның ерлігінен үлгі алатындығын атап өтті. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов даңқты батырды бала кезінен білетіндігін айтып, елі үшін туған ердің ерлігі мәңгі жасай беретіндігін жеткізді.
Жиын қатысушылары батырды  бір минут үнсіздікпен еске алды. Батырдың  рухына тағзым етіп, “Халық қаһарманының” суреті мен аты-жөні жазылған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.

«Ауыл жаңалығы» - ақпарат.