«Жұмысшы мамандықтар әлемінде» атты форум

«Жұмысшы мамандықтар әлемінде» атты форум

29 сәуір Шахтинск қалалық «Amanat» партиясы филиалы мен Шахтинск технологиялық колледжі бірлесіп, жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жұмысшы мамандықтар әлемінде» атты форум өткізді.

Форум жастар, бизнес пен қоғам өкілдері арасындағы диалог алаңы болып, білім мен өндіріс саласының күш-жігерін білікті кадрлар болашағы үшін біріктірді. Форумның мақсаты – жұмысшы мамандықтарын насихаттау, техникалық білімнің беделін арттыру және жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау.

Форумның практикалық бөлімінде өңірдегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Qarmet» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Silk Road Electronics» ЖШС, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ, «Құрылысмет» ЖШС №2 өндірісі, «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС өкілдері қазіргі заманғы құралдар мен жұмысшы мамандықтардағы жаңа тәсілдерді таныстырды.

Форум аясында оқу орындары мен өндіріс секторы арасындағы байланысты нығайту жолдары, студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыру және оларды қазіргі еңбек нарығы талаптарына бейімдеу мәселелері талқыланды.

Іс-шараға «Amanat» партиясының облыстық филиалының төрағасы, Шахтинск, Сарань және Қарағанды қалаларынан келген өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары мен мамандары қатысты. Олар тәжірибелерімен бөлісіп, өз компанияларындағы кадр саясаты жайлы айтып, жастарды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендерін білдірді.

Форум аясында  Шахтинск технологиялық колледжі мен Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, бұл құжат студенттердің кәсіби дайындығы, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және тәжірибеге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысты қарастырады. Форум барысында колледждің үздік қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды.

Шеберлік сабақры студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды: олар мамандарға сұрақ қойып, болашақ маман рөліне еніп көріп, құнды кеңестер алды.

Мұндай іс-шаралар – өңір мен ел индустриясын алға жетелейтін бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға қосқан маңызды үлес болып табылады.

Шахтинск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі