
22 наурызда Новодолинский кентінде мерекелік іс-шара өтті. Бейбітшілік, қайырымдылық, ізгілік пен үлкенге құрмет мерекесі — Наурыз мейрамы кент тұрғындары мен қонақтарының басын Мәдениет үйінде қосты.
Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Наурыз — бірлік пен достық мейрамы» атты театрландырылған мерекелік концерт ұсынылды. Кент әкімі Е.С. Исатаев жиналған қауымды құттықтап, ақ тілегін білдірді.
Кент тұрғындарын әсем өнерлерімен Мәдениет үйінің ұжымы, Қарағанды қаласының «Шалқыма» концерт залының ұжымы және Теміртау қаласының би ұжымы құттықтады.
Концерт аяқталғаннан кейін әкім аппараты іс-шараға қатысушыларға ұлттық тағам — бауырсақ пен тәттілер ұсынды. Сонымен қатар, «Липатова» ЖК мерекелік сауда ұйымдастырып, кент тұрғындары қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Кент тұрғындары «Сәттілік дөңгелегі» ойынына белсене қатысты. Жеңімпаздарға тәтті сыйлықтар табысталса, өзге қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары берілді.
Новодолинский тұрғындары мерекелік атмосфераны бірге сезініп, жақсы көңіл-күймен бөліскенді және бір-бірін құттықтағанды ұнатады. Қазіргі таңда Наурыз мейрамын тойлау — бұл жай ғана мереке емес, халықтың рухы мен дәстүрін сезіну мүмкіндігі. Мұндай іс-шаралар отбасылық құндылықтарды нығайтып, ел бірлігі мен келісімін сақтауға септігін тигізеді.
Кент әкімінің аппараты барлық ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдіреді. Сүйікті кентіміздің тұрғындарына ашық аспан, көктемгі көңіл-күй, әр шаңыраққа бақ-береке және мықты денсаулық тілейміз!
«Новодолинский кенті әкімінің аппараты» ММ