Криминалист болу – тағдыр тартуы

Криминалист болу – тағдыр тартуы

Криминалист – қылмыстық құрамы бар оқиға орынына басқадан бұрын жететін зерттеуші. Күдіктілерді анықтау, оқиға орнынан алынған айғақ заттар арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажыратумен айналысып келе жатқан криминалист маманмен,  ішкі істер органдарының ардагері, кезінде БҚО Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы болған, запастағы полиция полковнигі Қонақбаев Жанболат Жанқуатұлымен сұхбаттасып қайттық.

Өйткені, күдіктіні анықтау мен қылмыстарды ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату криминалистердің мойнында.

     - Жанболат Жанқуатұлы, ең алдымен «криминалист» мамандығының ерекшелігіне тоқталсаңыз.  Оның қылмысты ашудағы рөлі қандай?

- Криминалистика - тарихы терең, күрделі қызмет.  Бұл басқа салаға қарағанда қылмыс орнында ең маңызды рөл атқарады. Қылмыстардың ашылуы криминалистерге тікелей қатысы бар. Ол ғылыми-техникалық ғылымды талап етеді. Бұл салаға келген жас маманның алдына таңдау беріледі. Маман мінезіне, мамандығына және қызығушылығына байланысты әртүрлі бағытты таңдап алуына болады. Осы ретте таңдаған бағыттарда өмір бойы біліктілігін арттырып, аталған саланың нағыз маманы атануға мүмкіндік бар. Сондықтан криминалистика қызметінде көптеген мамандық иесі қызмет атқарады.

Кейбір криминалистикалық зерттеуді жүргізу барысында математика, физика, химия ғылымдарын білуді талап етеді. Мысалы «полиграф» құралының көмегімен арнайы психофизиологиялық зерттеулер жүргізу үшін криминалист психологияны жетік білуі қажет. Баллистикалық зерттеулерді жүргізу үшін физика мен химия ғылымдарын толық меңгеріп, заңдылықтарын қолдана білуі керек. Сонымен қатар, автотехникалық сараптама жасаған кезде автокөлік инженерлік мамандық болғаны жөн.  Баллистика, трассология білімін білу қажет. 

ДНК зерттеулерін жүргізу барысында биология мен басқа да жаратылыстану ғылымдарын толық меңгеруі тиіс. Оқиға орнын қарау барысында маманға көкжиегі кең, ой-өрісі дамыған, ойлау қабілеті көпшіліктен өзгеше болатын адамдар болса, қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қандай іс-қимыл жасағанын, қылмыскерді табу жолын бірден анықтай біледі. Осындай әртүрлі бағыттағы ғылым және білім иелерімен бір бөлім немесе бір басқармада қызмет атқару өте қызықты. Біздің әр қызметкер құпия мен сырға толы тұлға десек артық болмас.

- Криминалист маман жан-жақты болуы тиіс қой. Оқиға орнында жұмыс істеу, фотосуретке түсіру, оның сырын ұғыну біліктілікті қажет ететін шығар?

- Криминалист болу түрлі саланы қамтиды дедік, математика, медицина, физика, химия, биология білімдерімен тығыз байланысты. Мысалы, адамның қан құрамын анытау үшін,  ДНК сараптамасын алу үшін медицина ғылымынан білімі білу керек. 

Болған оқиғаны, айғақтарды фотосуретке түсіріп жатамыз. Фотографияның қыр-сырын білу керек. Фотографияның өзі қазірде толыққанды бір сала. Осы сала арқылы әлемге әйгілі болып жүрген фотографтар жетерлік. Осындай шығармашылық бағытта белгілі бір шектеуге келмейтін саланы меңгеріп, оны қылмысты зерттеуде қолдана білуі керек.

Қазір технологияның дамыған заманы. Сондықтан IT мамандығын білген дұрыс.

- Дактилоскопиялық зерттеулер саласында қандай жаңалықтар мен өзгерістер бар?

- «Дактилоскопия», яғни қол саусақ іздерін зерттеу саласының 100 жылдан артық тарихы бар. Қазіргі күні осы саланы терең зерттеп, қызығушылық білдіретін әріптестерім жетерлік. «Дактилоскопиямен» шектесіп жатқан «дермотоглифика» сынды бүгінгі күні бөлек ғылым болуға үміткер болып жүрген бағыттар да бар. Осындай ғылымдарды да меңгерген әріптестерімді көрдім.

Саусақтың ізі ол – индивидуально, әр адамның өзіне тән ізі болады. Тіпті егіздердің түрлері бірдей болса да, қол іздері әртүрлі болады. Бүгінгі күні төлқұжаттарға тіркеудің өзі енді ғана келіп жатыр, шындығында бұл баяғыдан айтылған әңгіме болатын.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлқұжат пен жеке куәлікті алған кезде азаматтарды міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеу енгізілген болатын. Саусақ ізін тіркеудің мақсаты-адамның мүдделерін қорғау, оның заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Артықшылықтары айқын. Біріншіден, бұл іс-шаралар жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған, бұл заңсыз құжаттау фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, дактилоскопиялық тіркеу біздің азаматтарымыздың басқа елдердің мемлекеттік шекараларын кесіп өту рәсімін жеңілдетуді көздейді.

Үшіншіден, бұл күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғалар кезінде де, оның ішінде техногендік және табиғи сипаттағы жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетіп қана қоймай, жеделдетеді деп ойлаймын.

- Криминалист жұмысының арқасында ізі суымай ашылған қылмыстар бар ма?

-  Мен ішкі істер органдарында 22 жылдай қызмет еттім. Бұрын қалада анасы мен баласын өлтіріп кету фактісі орын алған болатын, яғни, жәбірленушілерді пышақтап кету фактісі тіркелген болатын. Тексеру жұмыстары жүргізілді, қылмыскер іздерін барынша жасырған. Алайда бір ғана із дәлел бола алды. Ол – қылмыскердің қылмысты жасағаннан кейін қол жуғыш раковинасына қолын жуып болып, шетін ұстау кезінде із қалдырған. Аталған іздің көмегімен қылмысты ашу мүмкін болды.  

Сол секілді, Плодовощной ауылында адамның күйген денесі табылды. Енді оның кім екенін табу керек, алайда, қол іздері түгел күйіп кеткен. Содан сот –медициналық сараптама қызметкерлерімен бірге арнайы дәрі арқылы күйген қол іздерін қайта қалпына келтіру мүмкін болды. Сол арқылы адамның кім екенін анықтай алдық.

Криминалистика қызметі – өте қызықты, бірақ ауыр сала. Криминалист болу үшін психологиялық, физикалық тұрғыда мықты болу қажет. Жүрегі  шыдамды, өлі адамдарды көргенде қорықпауы  керек.

- Жанболат Жанқуатұлы, криминалист мамандығына қалай келгеніңіз жайында айтып өтсеңіз?

- Бала кезімде туған күнімде жездем марқұм, жұмыстан келіп, салтанатты киімнің капитан пагонын ұстатып «криминалист-эпсперт» бол деп ұстатқан болатын. Ол неліктен олай дегенін білмеймін? Мен ол кезде 10 жаста едім...Бірақ, сол айтқаны орындалды. Әкем әскери ұшқыш боласың деп күткен еді, бірақ мүмкіндік  болмады. 1991 жылы А.Пушкин атындағы пединституттың физика-математика мамандығына оқуға түстім. Бірінші курс оқып жүргенімде әскер қатарына алып кетті. Кейін келіп, оқуымды жалғастырып, 1993жылы оқуды бітірдім. Ол кез заманның аумалы-төкпелі кезеңі еді, жұмыс жоқ. Мемлекеттің, экономиканың енді-енді дамып жатқан кезі еді. Жұмыс жоқ, мұғалімдер саудаға кетіп жатты. Сөйтіп, бір күні досым Николайды кезіктірдім, ол маған сенің мамандығың криминалист болуға келеді деп, осы іске итермеледі. Ол кезде милиция болу ойымда жоқ, тіпті криминалисттің  қызметін де түсінбеймін. 

Алдымен қалалық басқармадан бастадым, алдымен криминалистиканың чемоданын жинадық, оны өзіміз жинадық. Қазір бәрі бар, ал бұрын саусақ іздерін алу үшін типографиядан паста алып, оны тіске арналған кремнің ішіне құйып, жасақтадық. Кейін, әрине, арнайы құралдардың бәрі шыға бастады, толықтық. Кейін мені әділет департаментіне сарапшы ретінде де шақырған болатын, бірақ өзімнің жұмысым өзіме ұнағандықтан, ауыспаймын деп шешіп, кейін аға криминалист, одан әрі басқарманың орынбасары, бастыққа дейін жеттім. Бәлкім, криминалист болу – тағдыр тартуы шығар...

 

Бір қызық айтсам, менің жұмысқа 5 қараша күні орналастым, бастықтың лауазымына 5 қарашада тағайындалдым және осы күні қызымның туылған күні. Қазір екі қызым, жиенім бар. Екеуі де педагогикалық қызметте.

Содан зейнетке шыққаннан кейін 2018 жылдан бастап  Орал қаласындағы «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» мемлекеттік емес білім беру мекемесінде педагогикалық білімімді қайта қолға алдым, жас криминалистерді дайындау жолдамын. Генерал-майор Р.Хайдаров атындағы криминалистикалық полигон аштық, яғни, БҚО Полиция департаменті мен институтымыз арасында ынтымақтастық  меморандумға  қол қойылған болатын.  Бізге полиция қызметкерлері келіп тәжірибесімен бөлісіп жатса, біздің де студенттеріміз  практика кезінде криминалист мамандардың жұмыстарымен танысып жатады.

Қазіргі күні компьютерлік технологияның дамуына байланысты көптеген қылмыс осы виртуалды кеңістікте жасалады. Бұл кеңістіктің шекарасы жоқ болғандықтан, бір қылмыс бірнеше мемлекетпен байланысты болады. Соның салдарынан мұндай қылмысты ашу әртүрлі қиындықтар әкеледі. Десе де, мұндай кеңістіктерде әртүрлі іздер қалады екен. Бұл іздерді сол баяғы криминалистика зерттейді. Мұндай сала қазіргі уақытта «компьютерлік криминалистика» деген атауға ие. Бұл салада да біз шет қалып отырғанымыз жоқ. Бүгінде департаментімізде IT саласының мамандары қызметке алынып, зерттеу түрлерінің әдістемесін даярлауда.

Әрине бір сұхбатта осыншама күрделі қызметтің қыр-сырын айтып өту мүмкім емес. Қазір көретін көптеген телесериалдан, детектив кітап пен телешоудан криминалистика қызметінің күнделікті жұмыстарын жиі көріп жүрміз. Мұндай қызық оқиғалар криминалистика қызметінің өткені болса, бұл қызметтің ертеңі одан да қызық, одан да күрделі болатынына күмән жоқ. Осындай күрделі қызметтің маманы болғаныма іштей мақтанамын.

Сұхбаттасқан:

БҚО ПД Ақпараттық саясат бөлімінің қызметкері Асылай Талғатқызы.