
Көлікті мас күйінде жүргізу - қоғамдық қауіптілікті арттыратын жол қозғалысы ережелерін бұзудың ең ауыр түрі. Мас күйінде көлік жүргізген адам - қылмыскер! Көлікті мас күйінде жүргізу көбіне жазықсыз азаматтардың қайғысына себеп болып, тағдырларында өшпес із қалдырады.
Мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен, ағымдағы жылдың 6 тамызында сағат түнгі 03.00 шамасында «Самара-Шымкент» тас жолының 403 шақырымында БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 44 жасар ер адамның басқаруындағы «ВАЗ-2109» автокөлігін тоқтатады. Тексеру барасында сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес жүргізуші көлікті «жеңіл дәрежедегі мас күйі жағдайында» басқарған, сондай-ақ, Сырым аудандық сотының үкімімен көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылғаны белгілі болды.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес ( Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Құрметті жүргізушілер! Өзіңізге тым сенімді болмаңыз! Әрқашан есте сақтаңыз: «мас күйінде көлік жүргізу» бір сәтте түзетілмейтін жағдайға әкелуі мүмкін!