
Екі күнде айыппұл тұрағына 12 көлік қойылды
2020 жылғы 08-16 ақпан аралығында Батыс Қазақстан облысының аумағында «Борышкер» жедел алдын алу шарасы басталып, біркелкі іс-шаралар қолға алынды. Аталмыш шараның басты мақсаты - әкімшілік айыппұлдарын төлемей жүрген тұлғаларды анықтап, түсінік жұмыстарын жүргізу, айыппұлдарды өндіру жұмыстарының қарқынын көтеру еді. Осы орайда қойылған тапсырмаларды іске асыру үшін әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі және көші-қон полициясы бөліністерінің негізгі жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел алдын алу шарасының алғашқы екі күнінде жүргізушілердің қолына 151 мың 061 теңге көлеміндегі қомақты соманы құрайтын тағылған айыппұлдарды төлеуін талап ету бағытында 220 ескерту хабарлама таратылды. Жалпы іс-шара барысында жұмылған бөліністердің көмегімен 1 млн. 109 мың 511 теңге өндіріп алынды. Арнайы айыппұл тұрағына 12 көлік қойылды.
Борышкер жедел алдын алу шарасы ақпанның 16-сына дейін жалғасады. Салынған әкімшілік айыппұлдардың өндірілу көрсеткішін көтеру және салынған айыппұлдарды уақытында төлеу саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қаулылардың орындалуына бақылауды күшейту мақсатында құрылған ұтқыр топ екі күннің ішінде шамамен 1 млн. 109 мың теңгені өндірді. Прокуратура, сот орындаушыларымен бірлесіп жұмыстанамыз. Әкімшілік құқық бұзған тұлғаларға қатысты материалдар толықтай жинақталып, сотқа жолданады. Айыппұлын төлемесе, Қазақстан Ресупбликасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабына сай, яғни, сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау – жеке тұлғаларға – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады, - деді БҚО ПД Әкімшілік практика бөлімшесінің инспекторы полиция капитаны Бектас Хайров.
БҚО ПД баспасөз қызметі