Мотокөлік құралдары жүргізушілерінің көлік тәртібін арттыру мақсатында ағымдағы жылғы 17-25 сәуір аралығында облыс аумағында мотокөлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауы және қауіпсіз жүргізуі бойынша профилактикалық пысықтау жүргізіледі.
БҚО полиция департаменті облыс тұрғындарына ҚР "Жол қозғалысы туралы" заңына сәйкес мотоциклдерді, скутерлерді, трициклдерді, квадроциклдерді және мопедтерді басқаратын жүргізушілердің тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс екенін ескертеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін 16 жасқа толған тұлғалар; А санатын – 18 жасқа толған тұлғалар ала алады. Қазіргі уақытта БҚО ПД процессингтік орталығының мәліметі бойынша БҚО аумағында 1194 мотокөлік құралы тіркелген.
2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында мотокөлік құралдарының қатысуымен ЖКО-ның 7 фактісі тіркелді, онда 1 адам қаза тапты, 8 адам түрлі жарақат алды. ЖКО-ның барлық фактілері мотоцикл жүргізушілерінің кінәсінен орын алды.
Жол қозғалысының барлық қатысушыларын ережелерді сақтауды және бұзушылықтарға жол бермеуді сұраймыз.
БҚО ПД баспасөз қызметі