Тергеу үздіктері

Тергеу үздіктері

БҚО Полиция департаментінің «Үздік тергеушісі» мен «Үздік анықтаушысы» Лұқпан Ахметов пен Айбол Сағынбай атанды. Бұл рейтинг облыстық полиция қызметкерлерінің жұмыс көрсеткіштеріне негізделіп жасалды. «Үздік тергеуші» атанған Лұқпан Ахметов бүгінде Орал қ. ПБ Абай Пб тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі қызметінде. Үздіктер қатарынан көрінуге  жетелеген БҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры М.Аблазимовтың алғыс хаты екен.

«Орал қаласында тағылымдамадан өту кезінде алғыс хат алдым. Полиция генералының қолынан алғыс хат алу – мен үшін үлкен мәртебе.  Сол кезде алған бағытымның дұрыстығына тағы бір көз жеткіздім. Әрі қарай осы салада қызмет атқаруға маған үлкен мотивация болды. Бүгінде аға тергеуші қызметіндемін. Алдыңа келген әрбір іс адам тағдырын шешетінін түсінген сайын жауапкершілікті де сезесің. Ал басшылықтың, тұрғындардың атқарған жұмысымызды бағалауы оның қиындығы туралы ұмыттырып, әрі қарай жетістікке жетелейді», - деп бөлісті облыстың үздік тергеушісі. 

Ал 23 жасында облыстың үздік анықтаушысы атанған Айбол полиция қызметіне келуге мұрындық болған әкесі себепші болағынын айтады. Қандай жағдай болмасын ең бастысы адам болып қалу дейді ол.

«Әке көрген оқ жонар» демекші менің әкем ІІО-ның зейнеткері. Сол кісінің қызметіне деген адалдығын, жұмысына деген жауапкершілігін көріп өстім. Әкем сияқты абыройлы, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болуды армандадым. Азаматтардың заңды мүдделерін қорғау дәл осы ойымды жүзеге асырудың керемет амалы болды десем артық емес. Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясында білім алып, бүгінде анықтаушы лауазымында қызмет атқарудамын. Қызметім өзіме қатты ұнайды. Мен көбінесе жол-көлік оқиғаларымен жұмыс жасаймын. Ол адамның өмірі, мүлкінің сақталуымен байланысты. Мен үшін ең бастысы адам болып қалу, басты принципім де осы. Енді тек ата-анамның сенімін ақтап, артымнан ерген ініме үлгі болсам, - дейді арман-мақсаттары туралы Айбол. Қызметіндегі жетістіктермен қатар, бүгінгі кейіпкерлеріміз спортқа да бір табан жақын екен. Лұқпан 2011 жылдан бастап шаңғы тебумен айналысса,Айболдың теңбіл доп тебетін өнері бар екен. Полицейлер қызметкердің жақсы физикалық дайындығы өте маңызды деген пікірді ұстанады

БҚО ПД Баспасөз қызметі