Талапқа бағынбай, ақыры жол-көлік оқиғасына кінәлі болды

Талапқа бағынбай, ақыры жол-көлік оқиғасына кінәлі болды

Бүгін «Атырау-Орал» тас жолында 4 адамның өмірін жалмаған өте ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды. Жол сақшыларының айтуынша, осы тас жол өте қауіпті болып саналады. Полиция департаментінің басшылығы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында осы жолға патрульдік автомашиналарды  барынша  қою туралы шешім қабылдады.

         2021 жылдың 26 ақпанында «Атырау-Орал» республикалық маңызы бар тас жолының 259-шақырымында «Тойота Камри» маркалы екі автокөліктің жүргізушілері 1987 ж.т. «Р» және 1991 ж.т. «А» деген азаматтар көліктерімен бір-бірімен соқтығысып, соның салдарынан 4 жолаушы қаза болып, 6 адам әр түрлі дене жарақаттарымен Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілген. 

26 ақпанда түнгі сағат 00.00-ден тас жолдар жабылған. Алайда бұл көліктердің жүргізушілері  полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, жолға шыққан екен.

-        Ауа райының қолайсыздығына байланысты трассаларды жабу туралы шешім қабылданды. Трассаларға 4 бекет қойылды. Чапаев ауылында да бекет тұрды. Орал қаласынан келе жатқан 2 көлік жүргізушісі тәртіп сақшыларының талабына елемеушілік танытып, бекеттен айналып өткен. Оның үстіне олар жоғары жылдамдықпен жүрген екен. Бекетте кезекшілікте тұрған патрульдік полицияның қызметкерлері бұл автомашиналарды келесі бекетте тоқтатып, жібермеу үшін мемлекеттік нөмірлерін рация арқылы барлық нарядтарға хабарлаған. Өкінішке орай, осы машиналардың біреуі Тайпақ ауылындағы бекетке жете алмай, жолда жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Қазір оқиға орнында жедел тергеу тобы тексеру жұмыстарын жүргізуде. Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің талабына бағынбаған көлік жүргізушілеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзущылық кодексінің 613-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деді Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Жанболат Жаншин.

Сондай-ақ полиция полковнигі Ж.Ж. Жаншин 2021 жыл басынан бері дәл осы тас жолда 7 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 11 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алғанын да атап өтті. Бұл 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда едәуір көп.

-        Ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдарда патрульдік машиналар қызмет етуде. Қосымша екі патрульдік автомашина экипажы тартылды. Жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әр түрлі себептер болады. Ең біріншісі – әрине ауа райының күтпеген жерден құбылуы. Қыста жол тайғақ, қар басып қалу сияқты түрлі кедергілер болады. Полиция департаменті 2020 жылы жолдарға жауап беретін ұйымдардың басшыларына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабы бойынша 6 хаттама толтырып, 30 ұйғарым жіберді. Жол-көлік оқиғаларының туындауына тағы бір себеп – ол жылдамдық режимін сақтамай, көлікті қатты айдау, маневр жасау ережесін бұзу,  – деді Ж.Жаншин.

Полиция тарапынан барлық шаралар қабылдануда. Алайда көлік жүргізушілері өздері де сақ болып, көлікті басқару кезінде барлық ережелерді сақтауы тиіс. Жол қозғалысына қатысушы азаматтардан жолда жүру ережелерін мүлтіксіз сақтау және полиция қызметкерлерінің талабын орындау сұралады.

БҚО ПД Баспасөз қызметі