
Батыс Қазақстан облысында сегіз айдың қорытындысы бойынша 706 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның ішінде 212 жаяу жүргіншіні қағып кету фактісі болса, 96-сы балалардың қатысуымен орын алып отыр. Осыған сәйкес жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қыркүйек айының 14 – 16 күндері аралығында республика көлемінде "Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!" атты профилактикалық акциясы оздырылуда. Аталған акция негізінде Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері "Жолда анық көрін!" іс-шарасын өткізді. Шараға Орал қаласында №33 жалпы орта білім беретін мектептің 2-3 сынып оқушылары қатысты. Алдымен полиция қызметкерлері мектептегі жолда жүру ережелері көрсетілген бұрышпен таныс болды. Кейін оқушыларға жарыққайтарғыш ленталар таратылып, қараңғы уақытта бүлдіршіндердің қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. – Бұл шараны өткізуде мақсатымыз – балалардың сабақтан қайтқан уақытта, қараңғы кезде балалардың жол үстінде көрінуін қамтамасыз ету. Барынша балаларға мұндай жарыққайтарғыш элементтердің маңыздылығын түсіндіру. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғалары да жеткілікті. Жолды жүру бөлігі белгіленбеген жерден кесіп өту, жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп шығу, бағдаршамға қарамай өте шығу секілді ереже бұзушылықтың салдарынан да қайғылы оқиғалар болады. Үлкендер жағы, ата-аналар осы мәселеге айрықша назар аударса екен, - деп деп атап өтті БҚО ПД ӘПБ үгіт-насихат тобының аға инспекторы Асылай Губашева. Полиция қызметі жаяу жүргіншілерге жол үстінде жол ережелерін қатаң сақтап, аса мұқият болуға шақырады.