
«Есірткісіз аумақ» ақпараттық-профилактикалық науқаны аясында Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал ақпараттық-технологиялық колледжінің 1-курс студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру және жасөспірімдер мен жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері студенттерге есірткі заттарын қолданудың адам денсаулығына, психикасына және әлеуметтік өміріне тигізетін зияны туралы айтып, есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді.
Сонымен қатар жастардың назарына интернет желілеріндегі күмәнді жарнамалар мен «оңай әрі тез ақша табу» туралы ұсыныстардың қауіптілігі жеткізілді. Полиция қызметкерлері мұндай ұсыныстардың есірткі заттарын тарату, «жасырын орындарға» заңсыз заттарды жеткізу және өзге де қылмыстық әрекеттермен байланысты болуы мүмкін екенін ескертті.
Студенттерге заңсыз әрекетке бір рет келісудің өзі ауыр зардаптарға, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Осыған байланысты полицейлер жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге, заңсыз ақша табу туралы ұсыныстардан бас тартуға шақырды.
Іс-шараның практикалық бөлігінде кинологиялық қызмет қызметкерлері есірткі құралдарын анықтауға арнайы үйретілген қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысын көрсетті. Студенттер есірткі заттарын іздеу кезінде төрт аяқты мамандардың қалай қолданылатынын өз көздерімен көріп, кинологтардың қызметтік иттерді даярлау ерекшеліктері туралы ақпарат алды.