
Әлемді мотоциклімен аралап жүрген Италия азаматы Қазақстандағы сапарын Батыс Қазақстан облысынан бастады. Жол үстінде оны патрульдік полиция қызметкерлері Данияр Халитов пен Руслан Турсунов қарсы алып, еліміздегі жол қозғалысы ережелерін жан-жақты түсіндіріп, алдағы бағыты бойынша қажетті кеңес берді. Бір қарағанда бұл – полиция қызметкерлерінің күнделікті атқаратын міндеті. Алайда шетелдік саяхатшы үшін бұл Қазақстан туралы жылы әсер қалыптастырған ерекше кездесу болды. – Кеше Қазақстан жеріне өткеннен кейін жергілікті полиция қызметкерлері мені өте жылы қарсы алды. Олар жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, осы тамаша елде қауіпсіз саяхаттауыма көмектесті. Сіздерге көп рақмет! – деді шетелдік саяхатшы.
Қазақстанға келген әрбір қонақ үшін қауіпсіздік пен сенім – ең маңызды құндылықтардың бірі. Ал Батыс Қазақстан облысының патрульдік полиция қызметкерлері күн сайын жолдағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің қонақжайлығы мен адамгершілік қасиеттерін де өз істерімен айқын көрсетіп келеді.