Оралда медицина қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары түсіндірілді

Оралда медицина қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары түсіндірілді

Оралда медицина қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары түсіндірілді. Жыл басынан бері БҚО-да медициналық салада жұмыс істейтін 12-ге жуық қызметкер интернет-алаяқтардың арбауына түскен. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қаласының көпбейінді қалалық ауруханасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында "Интернет-алаяқтық жасаудың жаңа схемалары мен тәсілдері, сондай-ақ дропперлік үшін жауапкершілік" тақырыбында дәріс өткізілді.

Медицина қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары мен алаяқтардың азаматтарды алдау үшін қолданатын әлеуметтік инженерия тәсілдері түсіндірілді. Сондай-ақ дропперлік үшін жауапкершілік мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға банк карталарын, шоттарын және деректемелерін заңсыз қаржылық операциялар жүргізу үшін үшінші тұлғаларға берудің құқықтық салдары түсіндірілді. Кездесу соңында полиция қызметкерлері медицина қызметкерлерін қырағы болуға, бөгде адамдарға жеке және банк деректерін, SMS арқылы келетін кодтарды, сондай-ақ банк қосымшаларына кіруге арналған мәліметтерді бермеуге шақырды.