ІІМ Басқару академиясында әйел көшбасшыларға арналған халықаралық тренинг басталды

ІІМ Басқару академиясында әйел көшбасшыларға арналған халықаралық тренинг басталды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясында Орталық Азия елдерінің құқық қорғау және шекара ведомстволары әйелдерінің өңірлік желісі мүшелеріне арналған тренинг басталды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен, ЕҚЫҰ-ның Венадағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Оқыту тренингіне Орталық Азия елдерінің құқық қорғау және шекара қызметтері құрылымдарындағы әйел көшбасшылар қатысады.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков құқық қорғау органдарындағы әйелдердің белсенді қатысуы – әділетті әрі қауіпсіз мемлекет қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.

Оқу бағдарламасына фасилитацияның заманауи әдістері, эмоциялық тұрақтылықты дамыту, кәсіби қызметте жасанды интеллектіні пайдалану, көшбасшылық қасиеттерді жетілдіру, көпшілік алдында сөз сөйлеу және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу бағыттары енгізілген.

Сондай-ақ бес күн бойы тренингке қатысушыларға басшылық қызметтегі әйелдердің тиімділігін арттыруға, коммуникация дағдыларын дамытуға және жоғары жүктеме жағдайында шешім қабылдау қабілетін жетілдіруге арналған практикалық құралдар ұсынылады.

Спикерлер қатарында Эмоциялық интеллект халықаралық академиясының, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жетекші сарапшылары бар.

Оқу қорытындысы бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері тренер сертификаттарына ие болады. Бұл олардың Орталық Азия елдерінде Өңірлік желінің бастамаларын ілгерілетуіне мүмкіндік береді.

Осындай іс-шаралардың өткізілуі Орталық Азия мемлекеттері мен ЕҚЫҰ-ның гендерлік теңдік қағидаттарына, инклюзивті көшбасшылықты дамытуға және қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлін нығайтуға деген бейілділігін тағы бір мәрте айқындайды.