
«2024–2028 жылдарға арналған қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына» сәйкес, «102» арнасына келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар негізінде ойын-сауық орындарының қауіпсіздік деңгейін бағалау критерийлері (рейтингі) бекітілді.
Осыған байланысты, «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті облыс аумағындағы ойын-сауық орындарынан келіп түсетін хабарламалар мен құқық бұзушылықтарға жан-жақты талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде бірқатар көңіл көтеру орындарында құқық бұзушылықтардың жиі тіркелетіні анықталды.
2026 жылғы маусым айының қорытындысы бойынша 448 көңіл көтеру орнынан «102» арнасына 562 хабарлама келіп түсті. Аталған деректер бойынша 40 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде: 20 – ұрып-соғу, 11 – ұрлық, 3 – бұзақылық, 2 – алаяқтық, 2 – тонау, 1 – қорқытып алу және 1 – есірткіге байланысты қылмыс.
Ең көп хабарлама келесі көңіл көтеру орындарынан тіркелді: 37 – Шолохов көшесіндегі «The Bar» түнгі клубынан (жұмыс уақыты 22:00–06:00), 25 – Қонаев шағын ауданындағы «Sky» кафесінен (10:00–05:00), 15 – Назарбаев даңғылындағы «Beluga» кафесінен (12:00–03:00), 13 – Әбілқайыр хан даңғылындағы «Девичья башня» кафесінен (11:00–02:00), 11 – Гагарин көшесіндегі «Шок» кафесінен (12:00–00:00), 11 – Құрылысшы шағын ауданындағы «Nomad» кафесінен (10:00–02:00), 10 – Тұңғыш Президент алаңындағы «Домбыра» мейрамханасынан (18:00–03:00), 10 – Астана шағын ауданындағы «Kult» барынан (19:00–05:00), 9 – Некрасов көшесіндегі «Мыңқазан» кафесінен (11:00–04:00), 9 – Назарбаев даңғылындағы «План Б» кафесінен (12:00–22:00), 8 – Әбілқайыр хан даңғылындағы «Лас Вегас» түнгі клубынан (23:00–06:00), 8 – Әбілқайыр хан даңғылындағы «Chechil Pub» түнгі клубынан (13:00–02:00), 8 – Жүнісов көшесіндегі «Pinta» түнгі клубынан (12:00–03:00), 8 – Абай даңғылындағы «Достар» кафесінен (10:00–02:00), 8 – Құрылысшы шағын ауданындағы «Дублин» кафесінен (10:00–02:00), 8 – Жәңгір хан көшесіндегі «Парус» кафесінен (10:00–02:00).
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті көңіл көтеру орындарының иелері мен әкімшіліктерін құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтуге, бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, қажет болған жағдайда күзет қызметтерін тартуға және қоғамдық тәртіптің сақталуына ерекше назар аударуға шақырады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет.