«Абыройлы жолдың жалғасы: Сағындықовтар полиция династиясы»

«Абыройлы жолдың жалғасы: Сағындықовтар полиция династиясы»

Полиция қызметі – тек мамандық емес, ол халыққа риясыз қызмет етуді, Отан алдындағы жауапкершілікті және антқа адал болуды талап ететін өмірлік жол. Осындай абыройлы жолды ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан әулеттердің бірі – Сағындықовтар династиясы.

Әулеттің негізін қалаған Сағындықов Максим Ишатұлы 1972 жылы Жәнібек аудандық ішкі істер бөліміне қызметке қабылданып, 21 жыл бойы құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етті. Ол қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып, 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Жұбайы Ғафурамен бірге 8 баланы тәрбиелеп өсіріп, адалдық пен еңбекқорлықты ұрпағына аманат етті.

Әке өнегесін бойына сіңірген Сағындықов Нұрлыбек Максимұлы 1989 жылы ішкі істер органдарындағы қызмет жолын бастап, ұзақ жылдар бойы халық қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етті. Қызмет барысында кәсібилігімен, жауапкершілігімен және антқа беріктігімен әріптестерінің құрметіне ие болды. Ол да өз отбасында 4 бала тәрбиелеп, әулеттің игі дәстүрін жалғастырды.

Бүгінде Сағындықовтар әулетінің үшінші буыны – Сағындықов Нұртілек Нұрлыбекұлы ата мен әке жолын лайықты жалғастырып келеді. 2025 жылдан бастап Орал қаласы полиция басқармасының Абай полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл болып қызмет атқарып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосуда.

Үш ұрпаққа жалғасқан бұл тағылымды жол – адал қызметтің, кәсіби сабақтастықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Сағындықовтар әулеті үшін полиция қызметі жай ғана кәсіп емес, бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан абырой, жауапкершілік және халыққа қызмет етудің биік мұраты.