Қылмысты дәлдікпен ашып, скрипкада шабытпен ойнайтын нәзік жанды полицей

Қылмысты дәлдікпен ашып, скрипкада шабытпен ойнайтын нәзік жанды полицей

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде қызметтік міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, өнерімен де көпшілікке үлгі болып жүрген жас мамандар бар. Солардың бірі – жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі Сабина Имангалиева. Сабина Имангалиева 2021 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына “Криминалистика” мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2025 жылы оқу орнын сәтті тәмамдады. Қазіргі таңда ол қылмыстарды ашу және дәлелдемелерді зерттеу бағытында кәсіби қызмет атқарып келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маман қызметпен қатар өнерге де жақын. Ол скрипка аспабын шебер меңгерген.

Сабинаның айтуынша, музыка оған шабыт беріп, жауапты қызмет пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Ал скрипканың әсем үні жаңа жетістіктерге жетуге жігерлендіріп, алға ұмтылуға күш береді. Полиция қызметі мен өнер – тәртіп пен шығармашылықты, дәлдік пен сезімді үйлестіретін өмір жолының ажырамас бөлігі. Осындай үйлесім Сабинаның кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, рухани дамуына да оң әсерін тигізуде. Өз ісіне адал әрі өнерді серік еткен жас маман бүгінде кәсібилік пен жан-жақтылықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

https://www.instagram.com/p/DZ7Bt80NGF5/