
“Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру аясында Орал қаласы полиция басқармасының қызметкерлері алкоголь өнімдерін сату саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 143 фактісін анықтады. Аталған деректер бойынша 128 әкімшілік іс қозғалды. Олардың ішінде 8 іс — дәмхана иелеріне, 50 іс — алкомаркет иелеріне, 70 іс — дүкендерге қатысты. Қазіргі уақытта 122 іс қаралды. Қабылданған шешімдерге сәйкес келесі әкімшілік шаралар қолданылды: лицензияның 1 ай мерзімге тоқтатылуы — 17 субъект, 2 айға — 28 субъект, 3 айға — 54 субъект. Тоғыз субъект (бір түнгі клуб, сондай-ақ 8 алкомаркет пен дүкен) лицензиясынан айырылды. Сонымен қатар заңнама талаптарын өрескел бұзғаны үшін бір дәмхана мен бір алкомаркеттің қызметі тоқтатылды. Заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін 15 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлік нысандары мен қоғамдық тамақтану орындарының иелерімен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерінің айналымы саласындағы заңнама талаптары, алкогольді тыйым салынған уақытта және кәмелетке толмағандарға сатқаны үшін жауапкершілік, сондай-ақ қайталанған бұзушылықтардың салдары — лицензиядан айыруға дейінгі және қызметті тоқтатуға әкеп соғатыны түсіндіріледі. “Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру аясындағы алкоголь өнімдерін сату саласындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. Қабылданып жатқан шаралар құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және өңірдегі құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған. Ескертеміз, алкоголь өнімдерін сату саласындағы заңнама талаптарын сақтау барлық кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.