
Орал қаласында «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті және облыстық білім басқармасының бірлесуімен ауқымды «Чемпиондық рух» жастар спорттық жобасы өтті.
Қалада үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған шараға 2000-нан астам жас пен жасөспірім қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу және зиянды әдеттерге қарсы көзқарас қалыптастыру.
Жоба аясында елімізге танымал спортшылар мен чемпиондар қатысушыларға арнап жаппай жаттығу өткізіп, жастарды өз үлгісімен жігерлендірді. Сонымен қатар, есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі профилактикалық кеңес мүшелері жасөспірімдер және жастармен кездесіп, есірткінің зияны мен салауатты өмір салтының маңызы туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қатысушылар үшін спорттық жарыстар, эстафеталар және командалық ойындар ұйымдастырылып, жастар ұйымшылдық пен белсенділік танытып, жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жастар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізуге және заңға бағынатын, салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі.