Батыс Қазақстан облысында 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қылмыс деңгейінің төмендеуі тіркелді. Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінде өткен кеңейтілген кеңесте мәлім болды. Кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылықтарға қарсы күрес бағытындағы жұмыстардың нәтижелері қаралды. Департамент бастығы Арман Оразалиевтің айтуынша, өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты бақылауда. «Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде қылмыс санаттары бойынша төмендеу байқалады», – деді ол. Есепті кезеңде ауыр және аса ауыр қылмыстар 19%-ға төмендеген. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар – 37,5%-ға, ауыр қылмыстар – 18,5%-ға азайған. Сондай-ақ орташа және онша ауыр емес қылмыстар да қысқарған. Қылмыстың жекелеген бағыттары бойынша да оң динамика тіркелді: мас күйінде жасалған қылмыстар – 32,7%-ға, бұрын сотталғандармен жасалған – 36,5%-ға, қоғамдық орындарда – 19,2%-ға, көшеде – 21,6%-ға азайған. Жол-көлік оқиғалары бойынша да оң көрсеткіш байқалады: қаза тапқандар – 30,8%-ға, жарақат алғандар – 9,7%-ға, ЖКО саны – 8,8%-ға төмендеген. Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл нәтижесінде 48 құқық бұзушылық анықталып, оның 20-сы есірткі сату фактісі болып тіркелді. Кеңес қорытындысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткіге қарсы күрес және құқық бұзушылық профилактикасын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.