«Бекіре»: Оралда балықты заңсыз тасымалдау фактісі анықталды

«Бекіре»: Оралда балықты заңсыз тасымалдау фактісі анықталды

«Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Орал қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 1980 жылы туған ер адам басқарған «Hyundai Elantra» автокөлігін тоқтатты. Көлік салоны мен жүксалғышынан ондаған килограмм балық — мөңке, көксерке және сазан табылды.

Жүргізушіде тасымалданып жатқан балыққа қатысты ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Тәркіленген балықтың жалпы салмағы шамамен 274 килограмды құрады.

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды, ал тәркіленген балық сақтау үшін жіберілді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Полиция ескертеді: су биоресурстарының заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылған.