
Бүгін Орал қаласындағы Шаған полиция бөлімінде жаңа профилактика кабинеті ашылды. Аталған бастама құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуге және тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға бағытталған.
Профилактика кабинеті – полиция қызметкерлері мен тұрғындар арасында ашық диалог алаңын қалыптастыратын маңызды құрал. Мұнда учаскелік инспекторлар азаматтарды жеке қабылдап, құқықтық кеңес беріп, тұрмыстық жанжалдардың, отбасылық кикілжіңдердің және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар, кабинетте пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалармен, сондай-ақ мінез-құлқында қауіп бар азаматтармен профилактикалық әңгімелер өткізу көзделген. Бұл өз кезегінде қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Аталған кабинет тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға ықпал етеді.
Полиция қызметкерлері азаматтарды заң талаптарын сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бірлесіп атсалысуға шақырады.