Жәңгір хан университетінде «Томирис» командасының мүшесімен әсерлі кездесу өтті

Жәңгір хан университетінде «Томирис» командасының мүшесімен әсерлі кездесу өтті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде батылдық, тәртіп және отансүйгіштік тақырыбындағы ерекше кездесу ұйымдастырылды. Студенттермен Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкері, «Томирис» командасының мүшесі Құралай Қабырайқызы жүздесті.

Бұл кездесу жастар үшін тек әңгіме алаңы ғана емес, нағыз мотивациялық сабаққа айналды.

Айта кету керек, «Томирис» командасы халықаралық деңгейдегі беделді UAE SWAT Challenge 2026 жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған болатын.

Кездесу «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтті. Құралай Қабырайқызы студенттерге өзінің өмір жолы, кәсіби қызметі және спорттағы жетістіктері туралы шынайы әңгімелеп берді. Ол табандылық, тәртіп және мақсатқа адалдық кез келген жетістікке жетудің негізгі кілті екенін атап өтті.

Студенттер спикерге түрлі сұрақтар қойып, құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшеліктері мен халықаралық жарыстарға дайындық барысы туралы білді. Ашық форматта өткен сұхбат жастардың қызығушылығын оятып, қызу пікір алмасуға ұласты.

Кездесу соңында Құралай Қабырайқызы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға және елге адал қызмет етуге шақырды.

Осындай кездесулер жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, тәртіп және патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.