Оралда аяқ киім ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды

Оралда аяқ киім ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды

Орал қаласында полиция қызметкерлері сауда-ойын-сауық орталықтарының біріндегі бутиктен аяқ киім ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады.

Анықталғандай, күдікті өзін сатып алушы ретінде көрсетіп, сатушылар басқа клиенттерге қызмет көрсетіп жатқан сәтті пайдаланып, аяқ киімді жасырын түрде ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды.

Ол – қала тұрғыны, 34 жастағы ер адам, бұған дейін ұқсас қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда.

Полиция ескертеді: ұрланған мүліктің құнына қарамастан, кез келген қылмыс заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Тіпті арзан тауарды ұрлау да қылмыстық жазаға алып келуі мүмкін.