Оралда полиция қызметкерлеріне арналған жоғары деңгейдегі шеберлік сабағы өткізілді

Оралда полиция қызметкерлеріне арналған жоғары деңгейдегі шеберлік сабағы өткізілді

Орал қаласындағы Жекпе-жек спорт кешенінде Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлеріне арналған самбо күресінен ауқымды шеберлік сабағы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби және жауынгерлік даярлығын жаңа деңгейге көтеру.

Қоғамдық қауіпсіздік – полиция қызметінің негізгі бағыты. Ал қауіп-қатерге толы қызмет барысында әр секунд, әр әрекет шешуші рөл атқарады. Осыған орай ұйымдастырылған шеберлік сабағында тәртіп сақшыларына нақты қызмет барысында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер үйретілді.

Сабақты самбо күресінен жоғары жетістіктерге жеткен, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері тәжірибелі спортшылар Үсенов Еділ, Габбасов Нурымжан, Нығмет Еркебұлан, Нығмет Серікбай, Бакыт Ерасыл жүргізді.

Жаттығу барысында полиция қызметкерлері қарсыласты қауіпсіз әрі жылдам залалсыздандыру, күш қолдану шегін дұрыс сақтау, өзін-өзі қорғау және әріптесін қорғау тәсілдерін тәжірибелік форматта меңгерді. Әрбір әдіс нақты қызметтік жағдайларға бейімделіп түсіндірілді.

Шеберлік сабағы полицияның тек заң сақшысы ғана емес, жоғары физикалық дайындықтағы кәсіби маман екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қатысушылар мұндай тәжірибелік жаттығулар олардың сенімділігін арттырып, шұғыл шешім қабылдау қабілетін күшейтетінін атап өтті.

Бұл шара – полиция мен спорт саласының өзара ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Күшті дайындық – қауіпсіз қоғам кепілі.

Проведённое мероприятие стало важным шагом в укреплении сотрудничества между правоохранительными органами и спортивным сообществом региона, а также в деле обеспечения общественной безопасности. Качественная подготовка — залог безопасного общества.