Әке жолын жалғаған ұрпақ – полиция әулетінің өнегелі жолы

Әке жолын жалғаған ұрпақ – полиция әулетінің өнегелі жолы

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінде ата жолын жалғастырып келе жатқан бірнеше полиция отбасы бар. Солардың бірі – Кива әулеті. Бұл отбасының өмір жолы – полиция қызметінің тек мамандық емес, тұтас бір өмірлік ұстанымға айналғанының нақты дәлелі. Кива әулетінің негізін қалаған Дмитрий Кива полиция қызметіне 1995 жылы қабылданды. Ол еңбек жолын тергеу бөлімінде жүргізуші болып бастап, кейін кезекші бөлімде қызметін жалғастырды. Қызмет барысында өзінің жауапкершілігімен, тәртіптілігімен және кәсібилігімен ерекшеленіп, офицерлік шенге ие болды. Ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында адал қызмет атқарып, әріптестері арасында құрметке бөленді. Өз ісіне деген беріктігінің арқасында ол абыроймен зейнеткерлікке шықты. Оның қызмет жолы тек кәсіби жетістік қана емес, сонымен қатар отбасы үшін үлкен өнеге мектебіне айналды. Әкенің қызметке деген адалдығы мен жауапкершілігі ұлына бағыт-бағдар болды. Әке жолын жалғаған ұлы Иван Кива да ішкі істер органдарында 15 жылдан астам уақыт бойы абыроймен қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ол Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінде аға учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқарады. Қызмет барысында ол өзін кәсіби, халықпен тіл табыса білетін, жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде көрсетті. Қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін облыс және аудан әкімдері тарапынан, сондай-ақ облыстық полиция департаменті мен аудандық полиция бөлімінің басшылығы тарапынан бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен қатар Иван Кива бірнеше жыл қатарынан облыстың "Үздік учаскелік инспектор" атанып, 2018 жылы "Жылдың үздік қызметкері" номинациясының жеңімпазы болды. Бұл – оның кәсібіне деген адалдығы мен жоғары жауапкершілігінің айқын дәлелі. Полиция әулеттерін өзгелерден ерекшелейтін басты қасиеттер – борышқа адалдық, тәртіпке беріктік және халыққа қызмет етуді өмірлік ұстанымға айналдыру. Мұндай отбасыларда балалар кішкентайынан тәртіпке, жауапкершілікке және елге қызмет етудің маңыздылығына тәрбиеленеді. Нәтижесінде осындай ортадан шыққан қызметкерлер кәсібилігімен, азаматтарға деген құрметімен және қызметке деген шынайы жанашырлығымен ерекшеленеді. Олар үшін полиция қызметі – жай ғана жұмыс емес, ел алдындағы қасиетті борыш. Әрине бұл жол оңай емес. Қызметтің ауыртпалығы, тынымсыз күндер мен ұйқысыз түндер – полиция қызметінің ажырамас бөлігі. Дегенмен, ел тыныштығын күзетуді өмірлік миссиясына айналдырған жандар үшін ең үлкен марапат – халықтың сенімі мен алғысы. Кива әулеті – құқық қорғау саласындағы кәсіби сабақтастықтың жарқын үлгісі. Әкенің ада қызметі ұлына үлгі болып, ол да сол жолды жалғап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп келеді. Мұндай полиция отбасылары – дәстүр мен жауапкершіліктің, абырой мен адалдықтың символы. Олар өз қызметімен қоғамның сенімін нығайтып, құқық қорғау органдарының беделін арттыруға үлес қосуда.