
12–14 ақпан аралығында Орал қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Рейдтік шараға полиция департаменті мен қала полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Іс-шара барысында есепте тұрған 84 тұлға тексеріліп, белгіленген шектеулерді бұзудың 4 дерегі анықталды. Алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабына сәйкес 34 кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Олардың қатарында 12 алкомаркет, 19 дүкен, 2 кафе және 1 түнгі клуб бар. Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін 33 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы саны 67 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Шара нәтижесінде 26 азамат уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, ал бір адам қабылдау-тарату орталығына орналастырылды. Сонымен қатар тұрғындар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.