«Сталкинг – бақылау емес, зорлық»: студенттермен кездесу өтті

«Сталкинг – бақылау емес, зорлық»: студенттермен кездесу өтті

Заң мен тәртіп қағидаты аясында Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде «Сталкинг – бақылау емес, зорлық» тақырыбында студенттермен кездесу өткізді. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жеке қауіпсіздік мәселелеріне назар аударту және сталкингтің құқықтық салдары туралы түсіндіру.

Кездесуді университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Элмира Маликовна Тургалиева жүргізіп, қазіргі қоғамда жеке қауіпсіздік пен құқықтық сауаттылықтың маңыздылығына тоқталды.

Шараға қатысқан БҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Әзімбекұлы Ибрайымов сталкингтің құқықтық жауапкершілікке әкелетінін атап өтіп, кез келген қысым көрсету немесе қудалау фактілеріне бейжай қарамауға шақырды. Ол азаматтардың құқықтарын қорғау – полиция қызметінің басты басымдығы екенін жеткізді.

БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Болатқызы Шукеева жастар арасында салауатты және құрметке негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Полиция майоры Диляра Махмудовна Сатарова отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, қорғау тетіктері мен дағдарыс орталықтарының қызметі туралы кеңінен ақпарат берді.

Сондай-ақ «Жігер» жобасының аймақтық үйлестірушісі Асылым Сәбитқызы Нұрмұханбетова психологиялық қолдау алу және сенім қызметтеріне жүгіну жолдарын түсіндірді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өз сұрақтарына нақты жауап алды. Жиын барысында қауіпсіз әрі өзара құрметке негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы кеңінен айтылды.

БҚО Полиция департаменті құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.