БҚО-да сталкинг жасаған екі азамат жауапқа тартылды

БҚО-да сталкинг жасаған екі азамат жауапқа тартылды

БҚО-да сталкинг жасаған азамат жауапқа тартылды. Батыс Қазақстан облысында екі ер адам сталкинг фактілері бойынша сотталды. Сталкинг — зорлық-зомбылық тікелей қолданылмаса да, адамның еркінен тыс жасалып, оның психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіретін әрекеттер. Алғашқы жағдай Бөрлі ауданында тіркелді. Ақсай қаласының тұрғыны полицияға бұрынғы танысы тарапынан жүйелі түрде қудалау мен қорқытуға ұшырағаны туралы арызданған. Ер адам жәбірленушінің үйі мен жұмыс орнының маңында жиі пайда болған. Бір күні ол әйелді қолынан ұстап, жерге құлатып, физикалық күш қолдануға әрекет жасаған. Құқыққа қайшы әрекеттер куәгерлердің көмегімен тоқтатылды. Тергеу нәтижесінде қылмыстық іс сотқа жолданып, сотталушы өз кінәсін мойындады. Сот заң аясында жауапқа тартты. Екінші іс Бөкей ордасы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан сотқа жолданды. Үкімді Бөкей ордасы аудандық соты шығарды. Анықталғандай, 2025–2026 жылдар аралығында ер адам бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалап, оған хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы қорқыту сипатындағы жазбалар жіберген. Оның әрекеттері жәбірленушіге елеулі психологиялық зиян келтірген. Сот ер адамды кінәлі деп танып, заң аясында жауапқа тартты. Полиция азаматтарды адамның еркінен тыс жасалатын, қорқыныш пен мазасыздық туғызып, қалыпты өміріне кедергі келтіретін осындай әрекеттерге тап болған жағдайда, дереу полицияға хабарласуға шақырады.